Басты жаңалықтар

«Қазақойл Ақтөбе» компаниясының қарышты қадамдары

Бүгінгідей ғылым мен техниканың сан алуан түрлері қарқынды дамыған кезеңде жер асты байлықтарын игеруге деген құлшыныс пен қажеттілік те үдемелі түрде дамып келе жатқаны аян. Жақында мұнайшылар мерекесінің құрметіне «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС аппарат басшысы С.Ізімбетовтің сұрауымен біз «Әлібекмола», «Қожасай» сияқты кеніштерді аралап қайттық.

 

Жақсы кадр — ең маңызды игілік

 

Мәселе басы келісілгеннен кейін, компанияның құрылған күнінен бастап, бүгініне дейінгі аралықты журналистік сүзгімізден өткізуге кірістік. Алғашқы сәттен-ақ басымызда жүрген бұрынғы «пайымдауларымыздың» күл-талқаны шықты. Менің білгіш құрдасым айтатын: «скважинаны құрып жіберіп, тегін мұнайды сорып, ақшаны күреп табатын» кәсіпорын болмай шықты.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС 1999 жылы «Ұлттық мұнайгаз» ЖАҚ мен «Nelson Resources Limited» корпорациясының тікелей қатысуымен Ақтөбе облысындағы мұнай-газ конденсаттары кеніштерінің болашағын жүзеге асыру мақсатында құрылған екен. Бұл жоба Ақтөбе қаласынан екі жүз елу шақырым аумақтағы «Әлібекмола» және «Қожасай» кеніштеріндегі табиғи ресурстарды ауқымды игеру мен өндіру сол арқылы облыстың экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға бағытталды.

Осы арада айта кету керек, біз бір сөйлемге сыйғызып отырған жоба қызметінің астарында қыруар еңбек, құрал-жабдықтар, еңбек күші, тұрмыстық жағдайлар, энергия көзі, баспана, түрлі мақсаттағы корпустар, білікті мамандар, техникалар, жолдар, т.б. қаншама қажеттіліктер мен ұйымдастыру мәселелері жатыр. Ол, әрине, өз алдына бір ауқымды әңгіме. Қазір, облысымызда көптеген мұнай өндіруші компаниялар қызмет етеді. Демек, нарықта бәсекелестік бар. Сондықтан осы салада жедел іскерлік арқылы өз қолтаңбаңды, жолыңды қысқа мерзімде айқындай алмасаң, әріптестеріңнің соңында қалуың ғана емес, жарыс жолынан кез келген сәтте шығып қалуың мүмкін. Нарық талабын қапысыз меңгерген компанияның бас директоры А.В. Решетнев және оның командасы, құрылу, қалыптасу кезеңдерінде кездескен сан алуан қиындықтар мен кедергілердің бәрінің де іскерлік тұрғыдан шешімдерін таба білді. Қысқа мерзімде «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС мұнай өндіруші компаниялардың қатарын толтырып қана қоймай, облыста осы саланың жетекші кәсіпорны деңгейіне көтерілді. Кәсіпорын мұндай биікке озық технологияларды өндіріске батыл енгізе отырып, қызметшілердің кәсіби шеберліктері мен біліктілік дәрежелерін қолдану арқылы қол жеткізді.

Бүгінде бұл компания Ақтөбе облысының ғана емес, тұтас алғанда республиканың экономикалық ахуалын көтеруге тұрақты және ауқымды үлес қосып келе жатқан танымал және келешегі кемел кәсіпорын екендігін сеніммен айтуға болады.

Жақсы кадр — ең маңызды игілік. Компанияның кадрларды даярлау мен біліктіліктерін жетілдіруді басты назарда ұстайтынын мына деректерден байқауға болады. Мекеме құрылғаннан бастап 2009 жылға дейін мамандарды оқытуға 9 миллион теңге жұмсалса, бұл көрсеткіш 2010 жылы 11,5 млн. теңгеге, ал 2011 жылы 49 млн. теңгеге жеткен. Одан бергі жылдарда бұл цифр тек өсіп келеді. Мекемеде ұжымдық келісімшарт толық көлемде жұмыс жасайды. Осыған сәйкес, әр еңбек етушінің әлеуметтік жеңілдіктер мен гранттарға қол жеткізуі әкімшілік тарапынан мұқият қадағаланып отырады. Соңғы жылдары мейлінше тұрақты қызметкерлер қатары көбейді. Жұмысқа кіріп-шығудың көрсеткіші әрі кеткенде 6-7 пайызды құрайды. Жұмысшыларды көтермелеу, әлеуметтік тұрғыдан қолдау, түрлі жеңілдіктер беру бағытында бөлінетін қаржы көлемі де көңіл қуантады. Осы мақсатта 2009 жылы – 47 млн. теңге, 2010 жылы – 67 млн. теңге, 2011 жылы 112 млн. теңге қаржы бөлінген. Одан кейінгі жылдары да бұл көрсеткіштің тек өскенін байқаймыз. Егер өнім өндіруші кәсіпорынның жұмысы дұрыс жолға қойылмаса, еңбекті ұйымдастыруда кемшіліктер болса, табыс та төмен және тұрақсыз болып, маман даярлау мен әлеуметтік саланы ұдайы қаржыландыру мәселесі екінші кезекте тұрған болар еді. Біздің көзіміз жеткені, бұл кәсіпорын пайдаға жетуді ғана мақсат тұтпай, адамдарға қамқорлық жасау мен еңбек тиімділігін арттыру және жаңашыл бастамаларды батыл енгізу арқылы іс жүргізуге басымдық береді екен.

                         

Батыл қадамдар және жаңашылдық

 

«Әлібекмола» және «Қожасай» кеніштерінің келешегіне көз жеткізген басшылық мұнда салған әрбір инвестицияның қайтымдылығына толық көз жеткізгеннен кейін, өндірістің қарқынын арттыру үшін ғылым мен технологияның соңғы жаңалықтарын енгізе отырып, батыл қадамдар жасауға тәуекел етті. Бұл, әрине, құр тәуекел емес, ауқымды шығындарды шетелдік қымбат технологияны сатып алу мен іске қосуды қажет ететін қаржылық және инженерлік-интеллектуалдық ірі жобалар мен комплекстік жүйелер еді. Сондықтан осы мақсатқа инвестиция салу ісі жолға қойылды. 2010 жылы 976,1 мың тонна мұнай өндірсе, 2011 жылы 1 млн. 138  мың тонна мұнай өндірді. Ал 2011-2023 жылдар арасында 14 млн. 450 тонна мұнай алуды межелеп отырған жайы бар. Ол үшін өнім өндіретін аумақты тереңдете бұрғылауда ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері ғана бірден-бір құрал. Ол үшін скважиналарды тіке бұрғылау емес, мұнай қабатында көлбете бойлай қазу әдісі жүзеге асырылды. Мұны мұнайшылар субгоризонтальдық әдіс деп атайды. Мұның тиімділігі іс жүзінде дәлелденгендіктен, компания осы жүйеге түгелдей көшірілді. Бұл режимнің тағы бір артықшылығы жер қабатындағы басқа да сұйықтықтардың, ерітінділердің жағымсыз, зиянды әсерлерін мейлінше азайтып, өндіруші скважинаның қалыпты жұмыс режимін шапшаң қалыптастырады екен. Осы мақсатта скважиналардың жер асты жабдықтарының компоненттеріне айырғыш клапандар орналастырылады. Бұл өнімнің сапасын арттыруға, мұнай құрамын қоспаларсыз табиғи күйде алуға ықпал ететін аса маңызды тетік екендігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген.

Сонымен қатар 2011 жылдан бастап, скважиналарда жоғары газ қысымын реттеу үшін мультифазалық насостарды іске қосу жолға қойылыпты. Тереңдікте жұмыс істейтін насос жабдықтарын механикалық қоспалардың кері әсерлерінен қорғау үшін десендерлер (құмды якорлар) қолдануды енгізген. Одан басқа жоғары қысымды газ факторы бар фонтандық деп аталатын скважиналарда гидраттардың қалдығына байланысты асқынулардың шамасын азайту үшін терең ұңғымаларға дросселдік штуцерлерді пайдалану өндіріске толық енгізілген. Бұл мамандардың түсіндіруінше, түрлі оқыс оқиғалардың, апаттық жағдайдардың алдын алуға мүмкіндік беретін аса құнды фактор болып шықты. Мұның барлығы тек өндіріс көлемін ұлғайту, өнім өндіру қуаттылығын арттырумен қоса, жұмысшы-қызметшілердің кәсіби мамандануы мен мұнайшылардың іскерлік дағдыларын арттыру және техногендік апаттарды мейлінше азайтуға бағытталған оң жаңашыл істер екендігіне көзіміз жетті.

2011 жылы «УПГ-Қожасай»» және «УКПГ-20 Әлібекмола» кешенінде газ өңдеу кешенінің құрылысы пайдалануға берілді. Бұл, мамандардың пікірінше, осы бағыттағы жобалардың ішінде ең үлкені болып табылады екен. Бұл кешен бойынша 400 млн. текше метр ілеспе газ игеріліп, 300 млн. текше метр құрғақ товарлы газ алынуы жоспарланған. Одан басқа жылына 45 мың тонна сығымдалған газ, 6 мың тонна газды-бензин және 10 мың тонна түйіршіктелген күкірт өндіріледі. Бұл — өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, ауылдарды газбен қамту мәселесі де оң шешімін тауып келеді деген сөз. Облыс жұртшылығы өз өңіріндегі табиғи байлықтардың игілігін көріп жатса, Елбасымыз Н.Назарбаевтың сөзіндегі алдыңғы қатарлы дамыған отыз елдің қатарына қосылуға жасалған батыл қадам деп айтуға толық негіз бар.

 

Жастарды қолдау — маңызды іс

 

Компанияның мамандар білімдерін жетілдіру барысында жүргізіп келе жатқан шаралары да басқаларға үлгі боларлықтай, көңіл қуантады екен.

Басшы құрамдардың іскерлігі мен сапалық біліктілігін қалыптастыруда тоқсан пайыздан астамы ішкі кадрлық ауыстырулар арқылы жүзеге асырылады. Бұл – сырттан адамдар әкелмей, жергілікті мамандардың өсуіне, іскерлік–ұйымдастырушылық қабілеттерін жан-жақты көрсетулеріне мүмкіндік беріледі деген сөз. Мамандар білім жетілдіру мақсатында түрлі курстарға, тренинг, семинарларға кідіріссіз жіберіліп отырады екен.

Қазіргі кезде қызметшілердің іскерлік дәрежесін бағалау немесе істің тиімділік көрсеткішін бағалау, ынталандыру, жеңілдіктер беру, бір сөзбен айтқанда, компанияның бизнес-мақсатын жүзеге асыруға тәрбиелеуге жан-жақты жағдайлар жасалады. Бұл компания мен қызметшілер арасында жасалған ұжымдық келісімшартта жан-жақты көрсетілген. Жұмысшыларға жеңілдіктер, қосымша төлемдер, материалдық көмектер, еңбек демалыстарына қосымша күн беру, спорттық шараларға қатысушыларды ынталандыру, науқастануға байланысты сақтандыру ақысын төлеу, мерейлі жасқа толғандарға, сәбилі болғандарға, шаңырақ көтергендерге, жақындары қайтыс болғандарға 100 айлық есептік көрсеткіштен кем емес жәрдем ақы төлеу жүйесі қалыптасқан. Сонымен қатар қызметшілердің мектеп жасындағы балаларын түрлі-түрлі сауықтыру лагеріне тегін жолдама арқылы жіберу, олардың барлық шығындарын көтеру компания арқылы тұрақты шешіліп келеді.

Осы орайда айтуға тұратын игілікті шаралардың бірі – жас мамандармен жүргізілетін жұмыстар. 2010 жылы 12 шілдеде компанияның жас мамандарының басын қосқан жиын өтті. Осы жиында мекеме жанынан жас мамандар кеңесі құрылып, дауыс беру арқылы оның төрағалығына С.Нұрмағамбетов сайланды. Кешікпей жас мамандар бас директоры А.Решетневпен бірге «Әлібекмола» кенішінде кеңестің тұсаукесерін өткізіп, оның қызметімен таныстырды. Осыдан бастап, жас мамандар кеңесі мемлекеттік мерекелерді ел-жұртпен бірге атап өту, Ақтау қаласында өткен «Жас маман күніне», республикалық жұмысшы жастардың екінші форумына қатысу, Жем қаласында сенбіліктер өткізу, Алға балалар үйінде шаралар өткізу, Алматы, Астана қалаларында өткен «Азияда-2011» қысқы спорт сайыстарын насихаттау, Наурыз мейрамын ұйымдастыру сияқты мәдени-көпшілік шараларға белсенді атсалысып келеді. Жыл сайын өткізілетін жұмысшы мамандықтары арасындағы сайыстар, үздік мамандық иелерін анықтау, оларға құрмет көрсету, материалдық жағынан көтермелеу, мұның бәрі бүгінде компанияның жолға қойылып, жүйеге түскен тірлігіне айналған.

Дәстүрлі түрде өтетін жұмысшылар спартакиадасының ауқымы да жылдан-жылға кең қанат жайып келеді. Волейбол, футбол, шахмат, теннис, мылтық ату сияқты спорт түрлерінен компанияның толық құрал-жабдықтары мен командалары бар. Өзара спорттық бәсекелестік деңгейі де шеберлікке ұштасып келе жатқаны айқын. Мекеменің футбол командасының жетістіктері мақтауға тұрарлық. Түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп келеді. Осы жылы бұл команда өз қатарынан оза шауып, бірінші орын алғаны жасалып жатқан қамқорлықтардың жемісі деп білеміз.

Мұнайшылар арасында «Ауысымдық қалашық» (вахтовый поселок) атанған жұмысшылар тұрақ жайына жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, мұндай жағдай жасалған мекемеде жұмыс істеу талайлардың арманы ғой деп ой түйеріңіз шындық. Себебі, мұнда адамға қажеттінің бәрі бар. Қаладағы қонақүйлерге

пара-пар тұрмыстық жайлар, адам ағзасын қозғалысқа келтіріп, ширықтыратын тренажер залымен қамтылған. Мұның бәрі өз жұмысшыларына ақысыз қызмет етеді. Шілденің шіліңгір аптабында мұнда қоңыр салқын, жанға жайлы ауа баптағыштар үзіліссіз жұмыс жасап тұр. Тиісті еңбегіңді жаса да, дем ал, спортпен айналыс, телевизор көр. Бәрі сен үшін, бәрі сенің нәтижелі еңбек етуің мен жайлы демалысыңа арналған.

Газ өңдеу кешенінің алғашқы іргетасының қалануына арналған салтанатты рәсімде бұрынғы облыс әкімі Е.Сағындықов: «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін осы компаниядан үйренуіміз керек. «Ауысымдық қалашықты» арнайы аралап көріңіздер. Еңбек адамына барлық жағдай жасалған. Демалыс, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндіктер мол. Осы жерді шипажайдағыдай жағдайға жеткізген компания басшылығына алғыс айтуымыз керек», — деген болатын. Интеллектуалдық қызмет өкілдері мұғалімдер, медиктер, журналистер мұндай жайды көргенде, қызыға қарайтындай жағдайлар жасалған. Жиырма бірінші ғасырдың жаңалықтары мен игіліктері осы қалашықта түгел қамтылған екен деген ой келді бізге.

 

Қайырымдылық пен демеушілік — компанияның қос қанаты

 

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС 1999 жылы қыркүйекте ашылғанын жоғарыда айтып өткенбіз. Бұл сол жылдан бастап, ұйымдастыру, техникамен қамтамасыз ету, технологиялық жабдықтарды шетелдерден сатып алу, жеткізу, инженерлік жүйелерді қалыптастыру, жинау, құру, сынақтан өткізу, тұрмыстық жайлар салу, байланыс, жол салу, көпір құрылысы, т.б. бас-аяғы шексіз, тынымсыз уақыт болатын. Алғашқы қарқынды бұрғылау жұмысы «Әлібекмола» кенішінде 2001 жылдың шілдесінде басталса, арада жарты жыл өткенде, яғни осы жылы желтоқсан айында алғашқы мұнай алынған болатын. Осыған қарап, мұнай өндіру деген көп бағытты, жан-жақты күрделі іс-жобаларды жүзеге асыруды қажет ететін ұланғайыр бейнетті еңбек екендігін байқаймыз. «Қазақойл Ақтөбе» жас, өндірістегі қадамы жаңа басталған мекеме болғанына қарамастан, қайырымдылық және демеушілік шараларын өздерінің бизнес жоспарына басым бағыттың бірі етіп кіргізді. Алғашқы жылдардағы мекеменің қалыптасу, қарқын алу кезеңіндегі көрсеткіштерді қоя тұрып, мына бір деректерге көз жүгіртейік. 2009 жылы компания 25 миллион 80 мың теңгені демеушілік және қайырымдылық шараларына бөлді. Бұл қаржы мәдениет, спорт, білім беру, денсаулық сақтау салаларына және облыстағы мүгедектер қоғамына, жетімдер үйіне, Алға балалар үйінің тәрбиеленушілерінің игілігіне жұмсалды. Ал 2010 жылы бөлінген қаржы 55 млн. 722 мың 650 теңгеге жетті. Қобда ауданының Егіндібұлақ ауылында мұғалімдерге арналған екі тұрғын үй құрылысына 12 миллион теңге және осындағы алты жүз орынға арналған стадион құрлысына 40 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұдан сырт жетім және мүгедек балаларға, мәдениет, спорт мекемелеріне түрлі шаралар өткізу үшін 3 722 650 теңге жұмсалған. 2011 жылы қомақты қаражат қайырымдылық және демеушілік шараларына, оның ішінде

әртүрлі ауыр науқасы бар балаларды Санкт-Петербург қаласындағы Петров атындағы ғылыми-зерттеу институтының Халықаралық клиникасының профессоры В.И.Козявкиннің қабылдауында емдетуге бөлінді. Бұдан басқа Балаларды қорғау күніне, Жаңа жыл мерекелік шараларына, облысымызда теннистен өткен Халықаралық турнирге, ҚР Тәуелсіздік күніне арналған Халықаралық турнирге демеушілік көрсетіледі.

Компанияның бас директоры А.Решетнев мырзаның өзі бас болып Алғадағы балалар үйіне жасап жүрген қамқорлық шаралары шексіз. Бұл үй А.Решетнев мырзаның тұрақты келіп, арнайы қадағалауына алған екінші жұмыс орны деуге де болатындай. Соның арқасында спорттық базасы түгел жаңғырған Балалар үйі тәрбиеленушілерінің бұл кәсіпорынға ықыластары ерекше. Демеушілік арқасында келген негізгі спорттық инвентарлардан басқа, бокс грушасын ұрғылап жатқан, велосипедтер мініп жарысқан, скейт, роликтермен зырылдаған жасөспірімдердің бал-бұл жанған жүздеріндегі қуаныштың нұрында бас директор бастаған кәсіпорынның қомақты үлесі бар. Бас директор мұнда келген сайын балмұздақ таратуды да дәстүрге енгізді. Иә, бәрі балалар үшін, олардың жарқын болашағы үшін!

Біз компанияның демеушілігімен өңірде іске асқан барлық шаруаны тізіп шығуды мақсат етпедік. Оны мақаланың көлемі көтермейтіні түсінікті. Дегенмен, кәсіпорын аумағына қарасты мектептердің аз қамтылған отбастарына, жетім балаларға, мүгедек жандарға жасап жатқан сый-сияпаттары, елді мекендерге «Екі езу», «Алақай» театрларының әртістерін шақырып, халыққа қуаныш сыйлауы да үлкен қамқорлық деп бағалаймыз. Нарықтық қатынас заманында мұның барлығы  едәуір қаржыны талап ететін күрделі жұмыстар. Бұдан басқа, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оған теңестірілгендерге, тыл ардагерлеріне бұл компанияның жасап келе жатқан қамқорлықтары туралы мерзімді баспасөз беттерінде жазылғандықтан, біз қысқаша баяндап отырмыз. Егер арнайы зерттер болсақ, бұл бір кітап жазуға тұратын үлкен бір сауапты іс екеніне көз жеткіздік.

Бұл жолы жыл сайынғы қайырымдылық пен демеушілік туралы жазып отырмыз. Ендеше, өткен жылы бұл қаржының көлемі 117 млн. 708 мың 368 теңгеге жетті. Мұның 109 млн. теңгесі Қандыағаш қаласындағы автожолдарды жөндеуге бөлінген.

Біздің назар аударған келесі мәселеміз қоршаған ортаның экологиялық ахуалы, техникалық қауіпсіздіктің жайы болатын. Бұл компанияның жер байлықтарын пайдалану жөніндегі ел заңнамаларына сәйкес, ұдайы басты назарда ұстайтын негізгі басым бағыттарының бірі болып шықты. Компанияның мұнай және газ өнімдерін игеру барысында қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерлерін мейлінше азайту үшін, зақымданған жер қыртыстарын қалпына келтіру жұмыстары жылдың барлық мезгілдерінде жүргізіліп, оның сапасы мұқият тексеріліп отырады. Сонымен қатар ластанған қалдықтарды шығару мен тарату көлемін азайту мәселесі де басты назарда. Себебі, бұл тек экологиялық талаптардың шарттарын орындау емес, өз жұмысшыларының, сол өңірдегі тұрғындардың денсаулығына әсер ететін болғандықтан, талап кәсіпорынның кейінге шегеруге болмайтын басты қағидаларының біріне айналған. Сондықтан өндіріс қалдықтарын залалсыздандыру, арнаулы орындарға тиісті шарттарды сақтай отырып көму сияқты маңызды жұмыстар жүзеге асырылып отырады. Осы мақсатта сумен тазалағыш арнаулы жабдықтар үзіліссіз жұмыс істеп, өндірістік-тұрмыстық қалдықтарды жерге көмуге арналған арнаулы орындар бар.

— Өндіріс орындарында қауіпсіздік ережелерінің сақталуы мен еңбекті қорғау, қызметшілердің денсаулықтары мен өмірлерін қорғау және қоршаған ортаның экологиялық жай-күйін сақтау – біздің ең басты назардағы аса жауапты міндетіміз болып қала береді, – дейді аппарат басшысы С.Ізімбетов. Бұған біздің алып қосарымыз жоқ.

 

Түйін

 

«Сабақты ине сәтімен» деп, сәті түскен күні облысымыздағы жас та болса, көшбасшы өнім өндірушілер қатарына батыл кіріп, ел экономикасының өркендеуіне қарқынды үлес қосқан «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің тыныс-тірлігімен танысып шықтық. Қолымыздан келгенше оқырмандарды кәсіпорынның жай-күйінен хабардар етуге тырыстық. Әсіресе, компанияға қарасты елді мекендерде жасалып жатқан демеушілік әрекеттердің басты-бастыларын ғана мақалаға арқау еттік. Әйтпесе, бұл мекеменің Байғанин, Темір, Мұғалжар аудандарының селоларына жасаған түрлі қолдаулары жетіп артылады. Оны сол аудан әкімдерінің, ауылдық округ әкімдерінің, «Арай» әлеуметтік қолдау жобасының жеңімпаздарының бас директордың атына жолдаған ықыласқа толы алғыс хаттарынан көріп, көз жеткіздік.

2009 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне арналған ірі кәсіпкерлер арасындағы байқауда «Үздік ұжымдық келісімшарт» жобасы бойынша бұл кәсіпорын екінші орын алды. Сол жолы Елбасымыз Н.Назарбаев «Парыз-2009» сыйлығын тапсырып тұрып: «Сіздердің еңбектеріңіз бизнесте табысқа жетуге ұмтылған компанияларға эталондық үлгі болуын тілеймін», — деген болатын. Елбасының сол тілегі уақыт өткен сайын орындалғанына көз жеткіздік. Өнім өндіру, ел экономикасына ұдайы үлес қосу, елді мекендерді абаттандыру мен газдандыру, қайырымдылық пен демеушіліктің жыл сайын кеңейіп келе жатқан көкжиегі, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік «Арай» жобасын жүзеге асырудағы қарышты қадамдар… бәрі де түптеп келгенде, бір өңірдің, бір облыстың ғана емес, республика жұртшылығының лайықты тұрмысқа қол жеткізуіне атсалысып келе жатқан «Қазақойл Ақтөбе» мұнай өндіруші компаниясының келешегі кемел. Бұл — Елбасымыздың 2050 жылға дейін белгілеген стратегиялық саясатын жүзеге асыруды мақсат еткен компанияның берік ұстанымы. Ұстанымы берік, жаңашыл да іскер ұжымның қандай қиындықтардан тайсалмай, алдағы асулардан алқынбай асарына сенім мол.  

 

Нұрлыбек Қалауов,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Ақтөбе – Әлібекмола – Қожасай – Ақтөбе.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button